Шымкент пен Павлодар қалаларындағы теміржол вокзалдарында қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, деп хабарлады Көлік министрлігі.
Мәселен, Шымкент теміржол вокзалында ауқымды реконструкция жұмыстары жүргізілді. Вокзал өткен ғасырдың 60-жылдарында бой көтерген.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, стратегиялық нысанда 20 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Вокзал тәулік сайын бірнеше мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Қайта құру жұмыстарынан кейін ғимарат сырты тартымды келбетке ие болды.
"Ендігі кезекте вокзалдың жалпы ауданы 2 249,33 шаршы метрге дейін ұлғайды және вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қабылдай алады. Күту залдарының да ауданы 1982,3 шаршы метрге дейін ұлғайды. Билет кассаларының саны алтыдан сегізге дейін өсті. Намазхана және ана мен бала бөлмесі тиісті жиһазбен жабдықталған", – делінген хабарламада.
Павлодар теміржол вокзалы да биыл толығымен жөнделді. Вокзал ғимараты 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған.
"Нысанда бұған дейін күрделі жөндеу жұмыстары 2004-2005 жылдары жүргізілген. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жарықтандыру, желдету, су және жылыту жүйелері ауыстырылған. Вокзал бірыңғай күту аймағымен жабдықталды. Сақтау камерасы мен дәріхана да халыққа қызмет көрсетеді. Ана мен балаға арналған жеке бөлме, ойын алаңы ашылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін лифтілер мен арнайы көтергіштер орнатылған", – делінген хабарламада.
Жалпы күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары заманауи талаптарды ескере отырып жүргізілген.