Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркияда уақытша жүрген мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай қалған. Бұл туралы "Хабар 24" арнасы хабарлады.
Телеарна мәдіметінше, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Ыстамбұлдағы Бас консулдығы арнайы штаб құрып, жолаушыларға құқықтық-ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр.
"Кеше Ыстамбұлдың әуежайынан ұша алмай қалдық. Өйткені Қазақстаннан ұшақ ұшқан жоқ. Сол кезде Ыстамбұлдағы қазақ бауырларымыз келіп көмектесті. Олар бізді әуежайдан алып келіп, орналастырып, тамақтандырып, жататын жер берді. Алыста болса да, жүрегі қазағым деген соққан Түркиялық қандастарымыз дер кезінде жұмылып, жолда қалған жолаушыларға демеу болды. Қазақы дәстүрге сай, арнайы мал сойып, ыстық тамақ, жатын орынмен қамтамасыз етті", – деді Равиль Арыстанбеков.
Түркияда оқып жатқан қазақстандық жастар да жұмылып, уақытша елге қайта алмай қалған жолаушыларға көмек көрсетіп жатыр.
"Қос аэропортта азаматтарымыздың қалып қойғанын біле сала, жүгіріп жеттік. Екі апаны үйге алып келдім. Олар Қазақстандағы отбасыларымен хабарласты", – деді ерікті Тимур Әубәкіров.