Астанада Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали мен "Жетінші арна" бас директоры Ания Байоразова отандық кино өндірісін дамыту және ұлттық киноны танымал ету мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, "Жетінші арна" кино орталығының қолдауымен түсірілген фильмдердің прокатқа шығу мерзімін жариялап, киногерлердің қатысуымен бағдарламалар шығарады және кино орталығының қаржыландыруымен түсірілген фильмдерді трансляциялау арқылы ақпараттық қолдау көрсетеді. Ал кино орталығы бірқатар фильмді эфирден көрсетуге лицензиялық құқықтар беруге ниетті.
"Республика күні қарсаңында телеарналар отандық фильмдерді көрсетсе дейміз. Qazaqstan арнасымен және "Хабар" телеарнасымен бұл жөнінде келісім бар. Бүгін "Жетінші арнамен" де меморандумға қол қойдық. Бұған дейін Astana Media Week алаңында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген фильмдерді көрермен назарына теледидар арқылы ұсынатынымызды айтқан едім. Бұл – отандық киноны дамыту және оны халық арасында танымал ету мақсатында жасалған жұмыстардың тек бастамасы ғана", – деді ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Меморандум аясында киногерлер тележобаларға қатысып, өз туындылары мен елдің мәдени мұрасын белсенді насихаттай алады. "Жетінші арна" еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында, кабельдік операторлар желілерінде, IDTV, TV+, GalamTV, Bee TV платформаларында көрсетіледі. Интернет-кеңістікте де көрсеткіштері жақсы. Сәйкесінше, отандық фильмдер енді мобильді қосымшаларда, ретрансляцияны жүзеге асыратын байланыс операторларының сайттарында қолжетімді болады.