Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан 2021 жылы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындағанын айтты.
Оның сөзінше, өткен жылы бюджет шығыстары 56 стратегиялық бағытты қамтып, даму жоспарларының 263 индикаторына қол жеткізілген.
"Мәселен, 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалалар мен ауылдарда 5,3 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілері салынды. Жергілікті маңызы бар 1 287 шақырым автожол жаңғыртылды. Көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 3,7 млрд тоннаны құрады. Агроөнеркәсіптік кешенде 24 мыңнан астам инвестициялық жоба субсидиялаумен қамтылды", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Оқи отырыңыз: Миллион теңгеден артық жалақы алу үшін қай мамандықтарды меңгерген жөн?
Министр мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеруге қанша қаражат жұмсалғанын да айтты.
"Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласында педагогтардың, дәрігерлердің, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілді. Тек осы мақсаттардың өзіне шамамен 950 млрд теңге жұмсалды. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге 422 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы пандемияға қарамастан, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындады", – деді Ерұлан Жамаубаев.