Денсаулық сақтау министрлігі үлкен функционалдылық пен қолжетімдікті ескеріп, медициналық алғашқы көмек беруге арналған дәрі-дәрмек қобдишасының құрамын жаңартты. Бұл туралы министрлік хабарлады.
"Түркия, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа елдердің халықаралық тәжірибесін талдауды ескере отырып, дәрі-дәрмек қобдишасының құрамына мыналар кіреді: дәке таңғыштар (стерилді және стерилді емес), эластикалық бинттер, таңғыш пакет, медициналық бұласыр, доғал қайшы, металл, өкпені жасанды желдетуге арналған қалта маскасы,таңуға арналған касынка-бандаж, құтқару көрпесі, бір реттік мұз пакеті, ысқырық, шам, дәрі-дәрмек қобдишасына арналған футляр, блокнот, қарындаш, дымқыл майлықтар (антисептикалық), қолғаптар, шендеуіштер және зардап шеккен адамға медициналық алғашқы көмек беру бойынша қолдану жөніндегі ұсыныстар", – делінген хабарламада.
Бұйрық бойынша, дәрі-дәрмек қобдишасы жеке қажеттіктер мен сұраныстарға орай, қолданушының қалауы бойынша толықтырыла береді.
Өнеркәсіптік объектілерде дәрі-дәрмек қобдишасының құрамы қолдану жөніндегі нұсқаулықты қоса бере отырып, зиян немесе қауіпті өндірістік факторларға байланысты зардап шеккен адамның денесінің зардап шеккен тұсын шұғыл өңдеуге арналған құралдармен (антидоттармен) толықтырылады.
Дәрі-дәрмек қобдишасының жаңа құрамы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 10 шілдедегі бұйрығы арқылы бекітілген.