Тікелей эфир

Милтон дауылы АҚШ-тың Флорида штатына жетіп, өңірдің тас-талқанын шығарды

Милтон дауылы әп-сәтте бірнеше қаланың астаң-кестеңін шығарды.

АҚШ-тың Флорида штатына жеткен "Милтон" дауылы ғимараттарды жермен-жексен етті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қазірдің өзінде жүздеген баспана қирап, 3 миллиондай адам жарықсыз қалған. Тіпті штаттың батысындағы Сент-Луси округінің шерифы табиғи апаттан қаза болғандар бар деп отыр.

Мамандар дүлей дауыл күшейсе жағалауларды толықтай су басады деп болжайды. Қазір халық штаттан үдере көшіп жатыр. Ал Флоридада білім алып жатқан 31 отандасымыз да қауіпсіз аймаққа кетуге тас-түйін дайын.

Мексика шығанағында кеше басталған "Милтон" дауылы әп-сәтте бірнеше қаланың астаң-кестеңін шығарды.

Жылдамдығы сағатына 195 шақырымға жеткен жел электр бағаналарын құлатып, жүзден астам баспана қираған. Ал жан саулаған жұрт үйлерін тастап, көрші штатқа кетіп жатыр. Флорида штатында 31 отандасымыз білім алады. Олардың да көңілі қазір алаң-елең.

Жүктерін буып-түйіп кетуге дайын отыр. Себебі, жағалауда тұратын бес жарым миллион халыққа көшу туралы хабарлама келіпті. Ал судан алыс аумақтағы тұрғындарға үйден шықпаңдар деп ескертілген.

Тіпті АҚШ президенті Джо Байденнің өзі "Милтон" дауылының қаупі әлі де күшейеді деп отыр.

"Күні бойы Торнадо жүріп жатыр. Қазір үшінші санаттағы "Милтон" дауылының жылдамдығы 200 шақырымға жуықтады. Дауыл құрлықтан өткенде күшейеді. Бұл Флоридадағы бір ғасырдан астам уақыт ішіндегі ең жойқын дауыл", – деді АҚШ президенті Джо Байден.

Сонымен қатар мамандар қатты желдің кесірінен жағалаудағы толқынның биіктігі 4 метрге дейін көтеріледі деп болжады. Соның кесірінен тасқын жүріп, алапат су жағажайларды ғана емес, штаттың біраз бөлігін шаюы мүмкін. Қазір Флоридаға келетін мың жарымнан астам ұшақ рейсі тоқтаған. Тіпті дүлей дауылға байланысты көршілес Майами штатында да мектептер жабылып, мемлекеттік мекемелер жұмысын тоқтатты. Желдің қарқыны тек Атлант мұхитына шыққанда ғана басылады деп күтілуде.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары