
Елімізде банк пен микроқаржы ұйымдары мерзімі өткен берешегі бар азаматтардың есепшотындағы қаражатына қол сұғатын болған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тіпті, сот орындаушылары арқылы борышкердің шоты мен мүлкін бұғаттап тастайды. Заңгерлердің айтуынша, қарыз алушы берешек мерзімінің өту себебін нақты көрсете алса, банк картасындағы шектеуді алып тастай алады. Ол үшін арыз жазу керек.
Елімізде түрлі жағдайға байланысты кей азаматтар уақытында қаржы ұйымы алдындағы қарызын қайтара алмай қиындыққа тап болады. Мұндайда кредитор борышкерге несиенің мерзімі өтіп бара жатқанын, төлейтін ақша көлемін 10 күн ішінде ескертуге міндетті. Ал жеке тұлға несиені төлей алмайтын болса, бір айда банкке өтініш білдіруге құқылы. Онда не үшін қарызды төлей алмайтынын анық көрсетуі керек.
"Борышкерлік несие мерзімі өтіп кетіп жатса, түрлі жағдайға ұшырап немесе жұмыстан шығып қалып, жалақыңыз төмендеп қалып деген сияқты онда азаматтарға тез арада банктерге несиесін қайта құрылымдау бойынша өтінішпен хабарласу керек. Ал егер олай жасамаса, онда жеке сот орындаушыларға кетіп қалуы мүмкін. Ол борышкердің жағдайын одан сайын ушықтыруы мүмкін. Ескеретін жағдай, кейбір банктердің келісімшартында "қарыз төленбеген жағдайда табыстың 50 пайызын ұсталынады" деп жазылады. Демек, берешекті өндіру міндеті бірден сот орындаушыларға өтіп, түрлі шектеу қойылады", – дейді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Ғаділбек Әкім.
Мұндайда борышкерлер сот орындаушыларының 25 пайыз қызмет құнын қоса төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан несие алмас бұрын келісімшартты толық оқып шығу керек дейді заңгерлер.
Егер соттың шешімімен, атқару жазбасымен сот орындаушыға берілген жағдайда сот орындаушы сізден 100 МРП-дан аспайтын ғана 50 пайызды ұстайды. 100 МРП дегеніміз бүгінгі таңда 393 мың теңге, одан асқан жағдайда сот орындаушылар палатасына жүгінген дұрыс.
Сонымен қатар банктер берешекті автоматты түрде өндіргенде, борышкердің шотында екі еселенген ең төменгі күнкөріс табысы, яғни, 92 500 теңге қалуын ескеруге тиіс. Бірақ одан бұрын кредиторлар мерзімі өткен берешекті екі тарапқа да қиындық тудырмай төлеудің жолын ұсынуы керек.