Қаңқасы тұрғызылған тұрғын үй құрылысына үлескер тарту үшін мердігер компаниялардың тәжірибесін 5 жылдан 3 жылға дейін төмендету ұсынылды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында салынатын көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы аумағын 60 мың шаршы метрден 30 мың шаршы метрге, ал аймақтар үшін 30 мың шаршы метрден 18 мың шаршы метрге дейін азайту туралы да ұсыныс бар. Бұл туралы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңдағы өзгерістерді талқылау барысында айтылды, деп мәлімдеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Бейнебайланыс режимінде ұйымдастырылған басқосуға министрлік өкілдері мен "Қазақстан Тұрғын үй компаниясы", "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "Қазақстан құрылысшылар одағы" және құрылыс компанияларының басшылары қатысты.
Оқи отырыңыз: Әкімдіктен – 5 пайыздық ипотека. Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларына шолу
Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментінің директоры Руслан Лепесовтың айтуынша, көптеген құрылыс компаниясы аталған заңды өрескел бұзып отыр.
"Бүгінде көптеген құрылыс компаниясы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңды өрескел бұзып, құрылыс жүргізу барысында халықтың қаражатын пайдалануды әдетке айналдырған. Бұл өз кезегінде құрылыс нысандарының уақтылы аяқталмауына және мердігер компаниялардың көпшілік алдындағы міндеттемелерін дер кезінде орындамауына әкеп соғуы мүмкін", – деді Руслан Лепесов.
Ал "Қазақстан Тұрғын үй компаниясы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов тұрғын үй құрылысына үлескер тарту үшін бірыңғай оператордың кепілдемесін алған құрылыс компанияларынан талап етілетін құжаттар тізімін азайтуды ұсынды.
Оқи отырыңыз: Ең төмен пайыз, ең ұзақ мерзімдер: мемлекеттік ипотекалардың толық тізімі
Сонымен қатар олардың мегаполистер мен өзге аймақтарда салған құрылыс нысандарының аумағы мен осы саладағы тәжірибесі бойынша талаптарды азайту көзделген. Мәселен, "Екінші деңгейлі банк жобасына қатысу тәсілімен" үлескер тартқан жағдайда немесе көппәтерлі үй қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескер ақшасын тартуға қатысты жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу процесін енгізу қарастырылып отыр.
Бизнес өкілдері жиында айтылған ұсыныстарды қолдады. Алдағы уақытта арастырылған мәселелер мен ұсыныстар бойынша шешім қабылданып, арнайы талқылау өтетін болады.