Тікелей эфир

"Мердігерді сотқа бердік". ҚазҰПУ басшылығы университетте химия, физика кабинеттері неге ашылмағанын түсіндірді

Университет ректорының айтуынша, мердігер оқу ғимаратындағы жөндеу жұмысы бойынша міндетін толық орындамаған.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Дархан Біләлов университет пен оқу орнына жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компания "Сұңқар" ЖШС арасындағы дауға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, мердігер өз міндетін толық орындамаған.

Еске салайық, бұған дейін мердігер компания университет басшылығын жөндеу жұмыстарының 32 млн теңге көлеміндегі ақысын төлемегені үшін айыптаған болатын.

Алайда, университет ректоры Дархан Біләловтың айтуынша, құрылыс мердігерлерінің жұмысты дұрыс орындамауына байланысты студенттер әлі күнге дейін оқу ғимаратында білім ала алмай жүр. Жөндеу жұмыстарының дер кезінде аяқталмауы салдарынан химия, физика кабинеттері және зертханалар жабық.

Университет басшылығы бұған мердігер "Сұңқар" ЖШС компаниясын айыптап отыр. Олардың айтуынша, мердігер мемлекеттік сатып алуда көрсетілген бағаны қолдан төмендету арқылы ұтып алғанымен, жұмысты сапасыз орындаған әрі тиісті міндеттерін соңына дейін жеткізбеген.

Жөндеу жұмысындағы ақаулар. Фото: ҚазҰПУ баспасөз қызметі

"Шарт жасасқанда екі тараптың өкілдері де қол қойған. Сәйкесінше әрқайсысы келісім-шарттағыдай міндетін атқаруы керек. "Сұңқар" ЖШС университеттің ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жарияланған тендерді ұтты. Бастапқы бағаның құнын 69 пайызға дейін түсіру арқылы тендерді ұтып алған. Ең төменгі бағаны ұсынумен тендерде жеңімпаз болса да жұмысқа келгенде жауапсыздық танытты. "Сұңқар" компаниясы бізге келісім-шартты созуды ғана емес, ақысын қосымша көтеруді де сұраған. Біз бұл әрекетті дұрыс деп есептемейміз. Тендерді басқа бағамен ұтып алып, кейін тағы ақы сұрау заңсыздық. Тіптен келісім-шартта көрсетілмесе де алдын ала аванс сұрады", – деді Дархан Біләлов.

Университет мәліметінше, "Сұңқар" ЖШС 141 миллион теңгенің тендерін 89 миллион теңгеге дейін қолдан түсіріпті. Алайда компания жеті айдан бері жөндеу жұмыстарын толық аяқтамаған.

Жөндеу жұмысындағы ақаулар. Фото: ҚазҰПУ баспасөз қызметі

"Компания өздеріне тиесілі жұмысты уақытында бітірген жоқ.  Мерзімін тағы бір айға создық. Сонда да жұмысын аяқтамады. Ақыры 14 қараша күні біржақты келісім-шартты бұзып, сотқа беруден басқа амалымыз қалмады. Барлық дәлелдеме қолымызда бар, акт толтырылған. Жыл сайын шамамен 600-дей мемлекеттік сатып алу өткіземіз. Тек биылдың өзінде онға жуық жөндеу жұмысы жөнінде тендер өтті. Бәрі өз міндеттемелерін орындады. Тек осы "Сұңқар" компаниясы ғана дау туғызып отыр. Бұл мемлекеттік оқу орны болып есептеледі. Қарапайым ауылдан келген студенттер оқиды. Олардың ата-аналары ақы төлейді. Сондықтан заңсыздыққа бара алмаймыз. Егер мұндай компанияны сотқа бермесек, біз де заң бұзған болып есептелеміз. Бұл оқу орнында болашақ химиктер, физиктер оқуы керек. "Сұңқар" компаниясының жауапсыз, салғырт жұмысының кесірінен студенттер өз ғимаратында білім ала алмай жүр, тиісінше зертханаларда зерттеу жасай алмай отыр. Себебі, компания оқу процесіне кедергі келтіріп жатыр", – деді университет ректоры Дархан Біләлов.

Қазір университет басшылығы сапасыз жөндеу жүргізген компаниямен соттасуға әзірлік жасап жатыр.

Ал "Сұңқар" ЖШС өкілдері жұмысты толық аяқтағандарын, керісінше ректорат өздеріне әлі 32 миллион теңге берешек екенін айтып, осыған дейін БАҚ өкілдеріне шағымданған болатын. Құрылысшылар еңбегінің ақысын талап етіп, оқу орнына келген. Олардың айтуынша, Қазыбек би, 30 мекенжайындағы университеттің 7 қабаттық оқу корпусына үш бірдей мердігер компания жөндеу жүргізген. Алайда іс біткен соң университеттің басшылары сан түрлі сылтаумен ақысын толық төлемей отыр деп шағымданды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары