Тікелей эфир

"Мемлекеттік субсидия қарызды өтеуге жұмсалған". Депутат Gosagro жүйесін сынға алды

Биыл шаруаларды қолдау мақсатындағы субсидия өткен жылдан кем бөлінген.

Amanat партиясы фракциясының мүшелері Қазақстан Республикасы ауылшаруашылық министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдады. Онда отандық ауыл шаруашылығыдағы өте күрделі жағдайда тұрғаны, Gosagro субсидиялау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейтіні жазылды.

"Фермерлер 2020 жылдан бері барлық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл оларды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр. Тек Ақмола облысы бойынша 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал  Жетісу облысы бойынша 1600 диқан пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ала алмай отыр", – деп жазылған депутаттық сауалда.

Құжатта осы жылы аграрийлерді қолдауға субсидия өткен жылмен салыстырғанда 426,1 млрд теңгеге аз, яғни 5,4 пайыз аз бөлінгені жазылды. Тыңайтқыштарға субсидиялау 23 пайызға, пестицидтерге 27 пайызға, мал шаруашылығына 21 пайызға, бағаны тұрақтандыруға субсидиялау 20 пайызға қысқарды.


Оқи отырыңыз: "Ауыл" партиясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтың барлық түрінен босатуды сұрады.


"Ауылшаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы, өткен жылғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған. Үкімет Қосымша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ. Мұндай жағдайларда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін емес", – деп жазылған құжатта.

Серіктестер жаңалықтары