"Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңның негізгі талаптарына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік қызмет мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы қағидаттарына негізделеді. Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру болып табылады.
Аталған бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып, жыл басынан 20 тұлғаның (6-жеке тұлға, 14-мемлекеттік қызметші) құқықтары қалпына келтірілді.
Осылайша, мемлекеттік органдарда конкурстық іріктеу рәсімдеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде, конкурс рәсімдерін өрескел бұзу арқылы конкурсқа қатысқан 3 кандидаттың құқықтарының бұзылғандығы анықталып, Департаменттің араласуынан конкурс нәтижелері бұзылып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды және конкурстар қайта өткізілді. Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін кепiлдiктер белгіленген.
Алайда, дербес мемлекеттік органдармен аталған кепілдіктер сақталмайды. Осылайша, департамент жүргізген жұмыстар нәтижесінде, жыл басынан бері 4 мемлекеттік қызметшіге заңсыз және негізсіз қолданылған тәртіптік жазалардың күштері жойылып, олардың бұзылған заңды құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ, биылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге бағалау қорытындысы бойынша бонус төлеу басталды.
Кейбір мемлекеттік органдармен заңнама талаптарын дұрыс қолданбау салдарынан мемлекеттік қызметшілерге төленуге тиісті бонустар төленбеген жағдайлар орын алды. Осылайша, департамент 6 мемлекеттік қызметшіге негізсіз төленбеген бонустарды төлеуді қамтамасыз етті.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, Шыңғырлау ауданы әкімдігі қызметшісінің қайтыс болғандығына қарамастан, марқұмның отбасына қатысты заңнаманың бұзылғандығы анықталып, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде соңғы қызмет орны бойынша бiржолғы жәрдемақы төленді.
Сондай-ақ, лауазымы қысқартылған Жәнібек ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызметшісіне үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болса да, тиісті төлем төленбей, Департаменттің ұсынымымен оған төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төлетілді. Осыған қоса, қыркүйек айынан бастап мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жұмыстары басталды.
Осылайша, жекелеген мемлекеттік органдардың қызметшілері жұмыс орнында үстеме жұмысқа тарту туралы жұмыс берушінің бұйрығы рәсімделмей отырғандары анықталды. Бұл ретте, мемлекеттік орган басшыларына мониторинг нәтижелері бойынша қалыптасқан жағдайды жақсарту және мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты біткен соң жұмыс орнында негізсіз қалуына жол бермеуге қатысты акт жолданды.
Бұдан бөлек, Департаментпен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау аясында қызмет алушылардың құқықтарын қалпына келтіруде. Атап айтсақ, 2023 жылдың есептік кезеңінде Департаментке 4 қызмет алушының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына өтініштері расталып, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Өз кезегінде, аталған бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жүзеге асыру айрықша маңызды, өйткені олар мемлекеттік қызметшілер арасында заң үстемдігі, әділеттілік үстемдігі қағидатын бекітуге және мемлекеттік қызметке сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті