Тікелей эфир

Мемлекет басшысы халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын қайта қарауды тапсырды

Президент елге көшіп келген қандастарды өндірісі дамыған аймақтарға орналастырудың тиімділігін айтты.

Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек. Маңғыстау облысында жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

"Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ, Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт "ҚазМұнайГаз" компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал, көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі", – деді президент. 

Мұнымен қатар, президент өңірдегі жұмыссыздық мәселесіне тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Мамырда азаматтардың нақты табысы -2,9 пайыз болды, мұндай құлдырау көптен бері болған емес


"Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр.  Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалуда. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осы орайда, мемлекет басшысы үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек екенін айтты. 

"Біз тарихи Отанына оралған қандастарды толық қолдаймыз. Бірақ, тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады. Біз қажетті жағдайды жасауға дайынбыз. Қазіргі заманда өңірлерде, елдерде, тіпті, құрлықтарда жұмыс күшінің көші-қоны жүріп жатыр. Бұл заңды құбылысқа айналды. Осы үрдіске біздің азаматтар да үйренуі керек. Көрші елдердің азаматтары бұл жағдайға жақсы бейімделді. Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін", – деді президент. 


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Қазақстандағы өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді


 

Серіктестер жаңалықтары