Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шын мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқанын мәлімдеді.
"Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңнын және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады.
"Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек", – деді ол.