Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысындағы қорытынды сөзінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет екенін атап өтті.
"Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ, біз оны үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар", – деді мемлекет басшысы.
Мұнымен қатар, ол Екібастұздағы апат кезінде төтенше жағдай қызметтерінің өз жұмысына салғырттықпен қарағанын сынға алды.
"Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты", – деді президент.