Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан үшін атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналғанына тоқталды.
"Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі референдум арқылы шешілетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Франсис Фукуяма: Тарихтың соңы – либерализмді басып озатын, одан да жоғары жүйе
"Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн", – деді президент.