Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ, деді прездидент Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
"Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, халық реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек.
"Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болатынын айтты.
"Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады", – деді президент.