Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында білім алатын студенттер қала билігінің кептеліспен күрес аясында жоғары оқу орындары мен колледжерде сабақты сағат 10.00-ден ерте бастамау туралы шешімін қайта қарауды талап етіп, петиция жариялады.
Олардың айтуынша, Бішкек қаласының ішіндегі кептелісті тудыратындар студенттер емес. Өйткеі, олардың басым бөлігі жеке көлікпен емес, қоғамдық көлікпен жүреді. Сондай-ақ, жаңа кесте бойынша екінші ауысымда оқитын студенттердің сабағы кешкі сағат 20.00-21.00-ге дейін созылады.
"Біздің көбіміз оқумен қатар жұмыс істейміз. Сол арқылы оқу ақысын төлейміз. Оқудың жаңа кестесі бойынша бізге жұмыс істеуге уақыт қалмай отыр", – делінген петицияда.
Еске салайық, Бішкек қаласы мэриясының ұсынысымен елдің үкіметі бас қаладағы жоғары оқу орындары мен колледжерінде (әскери және құқық қорғау органдарының жүйесіне кіретін оқу орындарын қоспағанда) сабақты сағат 10.00-ден бастау туралы шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ, осы шешім бойынша қаладағы мектептердің жартысына жуығы 1 қыркүйектен бері (103 мектептің 44-і) сабақты таңғы 7.30-да бастап келеді. Былтыр мұндай мектептер саны 14 болатын.
Оқи отырыңыз: Мектептер сабақ ұзақтығын 35 не 40 минутқа дейін қысқарта алады – Ғани Бейсембаев