Атырау қаласында 27 жастағы қала тұрғыны анасының ұялы телефоны арқылы "102" нөміріне мектептердің бірінде жарылғыш зат орнатылғандығы туралы жалған ақпарат берген. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
27 жастағы азаматтың терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламасынан кейін оқиға орнына Атырау облысының полиция департаментінің, Атырау облысы прокуратурасының, ҚР ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша департаментінің және Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барып, тексеру барысында ешқандай жарылғыш құралдың жоқтығын анықтаған.
27 жастағы азаматтың анасы заңды өкілі ретінде сот отырысында баласының ауыратынын, оқиға болған күні ауруханадан екпе алып, жай-күйі нашарлағанын айтқан. Сонымен қатар 27 жастағы азаматтың қайда телефон соққанын білмейтінін, бұрын да дәл осындай жағдай болғанын, аталған азаматқа амбулаториялық емдеуді тағайындауды сұраған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама тарататындар көбейді
Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сай аталған азамат "Параноидты шизофрения үздіксіз ағын түрі, тұрақты ақаумен" созылмалы психикалық бұзылуымен ауыратыны расталған. Күдікті ҚР Қылмыстық кодекстің 273-бабында (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.