Бүгін ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен республикалық Бас мешітте "Білімді ұрпақ – ел келешегі" қайырымдылық жобасы өтті, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Зекет және қайырымдылық" қорының ұйытқы болуымен жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, білім іздеген жас жеткіншектерімізге мешіт тарапынан қамқорлық-қолдау көрсетіліп келеді. Ізгі үрдіс бүгін елордадағы республикалық Бас мешітте жалғасын тапты.
Қасиетті Құран аяттары оқылып, батасы жасалған соң мінберге шыққан Бас мүфти игі іс-шараның мәніне тоқталып, балғындарды мерекемен құттықтап, қажетті құрал-жабдық толығымен салынған мектеп сөмкесін табыстады.
"Былтыр "Мектепке жол" акциясы аясында оқушы балаларға 21 000 сөмке табысталса, биыл осы уақытқа дейін 18 000 сөмке берілді және жоспар бойынша оқуға қажетті жабдықпен толтырылған сөмкелер алдағы уақытта да беріледі. Айта кетейік, "Мектепке жол" дәстүрлі қайырымдылық акциясы биыл 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Біздің бір баланы демеп, бір баланы мектепке дайындауымыз мүмкін болашақта бір ғалымды дайындағанымыз шығар. Жолын ашып, жағдайын жасасақ ол да риза болары хақ. Акциядан алыс болмай, барынша үлес қосайық. Үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіреміз", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік демеуші азаматтардың жәрдемімен бүгін 1500 оқушыға мектеп жабдықтары мен сөмке үлестірілді.