Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында мектеп кітапханаларының жұмысына қатысты сын айтты.
"Мен мектептерге барғанда бірінші кезекте кітапханаларына кіріп, кітапханашылармен сөйлесемін. Көзі жанып, жоқтан бар жасап отырған әріптестеріміз бар. Ал кей мектепте кітапхана болғанымен, жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Балаларға қызықты емес әдебиеттерді бірінші орынға қойып қояды. Ал ішіне кіріп, іздесең, балаларға керек ақпаратты таба аласың. Бірақ, балалар келгенде кітаптарды "мен мұндамын" деп тұратындай етіп қоймайды. Сондықтан әдістемелік жақтан да тиісті сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу керек. Қажетті оқулықтарды, көркем әдебиеттерді сатып алу бойынша жұмыс жүргізу керек", – деді министр.
Асхат Аймағамбетов мектеп кітапханаларында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін туындыларды көбейту керек екенін айтты.
"Әсіресе, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін туындылар болуы керек. Қазақтың ұлттық ертігелері, аңыздар, батырлар жыры туралы туындыларды міндетті түрде тізімге қостық. Соларды қамтамасыз ету бойынша мәселені қарастырыңыздар", – деді министр.