Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын қарап жатыр.
Талқылау барысында депутат Ерлан Сайыров қаралып отырған заң жобасы Қазақстанға тиеслі капиталды Франциядан қайтаруға қаншалықты мүмкіндік беретінін сұрады.
"Әртүрлі сарапшылар Қазақстаннан шетелге заңсыз кеткен капиталдың сомасы 150 миллиардтан асатынын айтады. Енді Франциядан Қазақстан халқына тиесілі капитал табылса, оны осы келісімнің аясында Қазақстанға қайтарудың тетіктері бар ма?" – деп сұрады депутат.
Сауалға бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев жауап берді.
"Бұл екіжақты сұрау салу арқылы жүзеге асады. Ол келісімшартта көрсетілген. Мысалы, біз қылмыспен тапқан ақшаның Францияға кеткенін көрсек, сұрау саламыз. Олардың тергеу органдары сол банк шоттарын анықтап, көріп, бізге ақпарат береді. Болмаса біздің сұрауымыз бойынша оған шектеу қояды. Керек болса, тәркілеу амалдары жүргізіледі", – деді Әсет Шындалиев.
Айта кетейік, Қазақстан мен Франция 2021 жылғы 28 қазанда елдер арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт жасаған. Оған сәйкес тараптар қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты кез келген рәсімдерде бір-біріне барынша құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі.