Тікелей эфир

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "Ұлттық киім" күнін бекітуді ұсынды

Ол Қырғызстанда 5 наурыз – Айыр қалпақ күні барын еске салды.

Депутат Дәулет Мұқаев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш.

"Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Алайда, елде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждер мен акциялармен ғана ұлықталуда. Соңғы уақытта жалпы халық арасында "Ұлттық сезім" жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер   қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды", – деді Дәулет Мұқаев.

Ол президенттің "Ұлттық киімдерді тек наурызда ғана емес, жай күндері де жиі киіп жүруіміз керек" деп айтқанын тілге тиек етті.

"Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет. Мәселен, бауырлас қырғыз халқы бастарынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ, оны қырғыз екенін жазбай танисың.   Тіпті Жоғарғы Кенештің өзінде депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады. Ол қала берді ұлттық киімдерін сақтау мақсатында 5 наурызды – Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Бұндай күн тек Қырғызстанда ғана емес, әлемнің Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды алпауыт елдерінде бар", – деді ол.


Оқи отырыңыз: "Балаларды атбегілікке баулимыз". Оралдық ұстаздар қалай ұлттық ат спортын дамытып отыр?


 

Серіктестер жаңалықтары