Тікелей эфир

Мәжіліс депутаты бюджет есебінен уақытша емес, тұрақты жұмыс орындарын құру қажеттігін айтты

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда 1,8 миллион адам 70 мың теңге жалақы алады.

Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова AlmaU-да "Әйелдер әйелдерге" жобасы бойынша өткен дөңгелек үстелде Қазақстандағы жұмыспен қамту бағдарламасы неліктен нәтиже бермей отырғаны туралы пікір білдірді. 

"2019 жылы Еңбек министрлігі 250 мың жұмыс орнын ұйымдастыруға 1 триллион теңге бөлген. Нәтижесінде 150 мың жұмыс орнын құрды. Оның 13 пайызы ғана – тұрақты, қалғаны уақытша жұмыс. Осыған триллион теңге жұмсаған. Мен бір жұмыс орнын құруға қанша теңге жұмсалатынын есептеп көрдім. Бір жұмыс орнын ұйымдастыруға 6,6 млн теңге кетеді. Олар не істейді? Тендер жариялайды, қаржы бөледі. Оны бір компания жеңіп алып, бір бөлігін сол мақсатқа жұмсайды да, ал қалған бөлігін ұрлайды", – деді Ирина Смирнова.


Оқи отырыңыз: Жұмысшы жастар кәсіп бастауға 2,5 пайызбен қалай несие ала алады?


Мәжіліс депутаты Қазақстанда жұмыс істейтін 6,5 миллион адамның 1,8 миллионы немесе 20 пайызы 70 мың теңге жалақы алатынын айтты.

"Олар – кедей өмір сүретін, жұмыс істейтін азаматтар. Мұндай кедей отбасынан шыққан балалар сапасыз білім алады. Кедейлік әрі қарай ұлғая түседі әрі кеңейеді. Сондықтан жұмыс орнын ұйымдастыруға бөлінетін ақшаны адамдарды оқытып, жұмысқа алып жатқан тұрақты ұйымдарға беру керек. Олардың еңбекақы қоры бар. Олай болса, жұмыс орнын құруға 6,6 миллион теңге емес, одан да аз жұмсалатын шығар", – деді депутат.

Серіктестер жаңалықтары