Мәжіліс мінберінде депутат Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтың атына сауал жолдап, Қазақстанда құмар ойындармен күресті күшейтуге шақырды.
Оның айтуынша, казиноларды Қапшағай мен Щучинскіге көшіру бұл мәселені шеше алмаған. Құмар ойынға шырмалғандардың өзінің ғана емес, өзгелердің өміріне де балта шапқан деректері аз емес.
"Құмар ойынға әуестердің казино мен букмекерлік компанияларға жұмсайтын қаражат көлемі жаға ұстатады. 2022 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 52 млрд теңгеге артып кеткен және 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге жоғары", – деді Жанарбек Әшімжан.
- "Бәрін сатып жібердім". Құмар ойынға салынған әйелдің хикаясы
- "Той мен құмар ойынға несие берілмеуі керек". Алайда экономист бұған заңдық негіз жоғын айтады
Мәжіліс депутаты бұл орайда Италия, Әзербайжан, Бельгия сынды елдерде букмекерлік компаниялар мен құмар ойындардың жарнамасына тыйым салынғанын алға тарта отырып, Amanat фракциясының атынан бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда:
- букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған тұлғалардан және қолданыстағы несие бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек;
- қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек;
- елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электрондық казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту қажет;
- супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған Lotomatic секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек;
- жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың бәріне сыйым салу керек.