Депутаттар Бауыржан Сартбаев пен Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында жобаланған әрі салынған мектептер мен тұрғындардың нақты қажеттіліктері арасындағы сәйкессіздіктерді ретке келтіру үшін бірнеше ұсыныс айтты.
"Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай 800 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 5 мың ауыл, аудан және шағын қалалардағы мектеп қайта модернизациялануы тиіс. Жоспарға сай апатты және үш ауысымды білім беру сұрақтары шешіледі. Мұнымен қатар, осы жылдың қыркүйек айында президент оқушылардың орын тапшылығы динамикасын атап өтіп, жаңа мектептердің құрылысын 1000-ға жеткізуді тапсырды. Алайда 2021 жылдың 7 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы парламент мәжілісінің мәдени-әлеуметтік даму комитетіне бюджетті талқылау аясында 800 мектептің құрылысының барысы туралы баяндаған білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың:
"Білім және ғылым министрлігінде аталған мектептердің құрылысының барысын көру және бақылау, күн сайын мониторниг жүргізу құзыреттілігі жоқ. Бұл туралы бірнеше мәрте айтып келемін. Бізде мектептердің дайындық деңгейін қарайтын тіпті құрылысшы мамандар да жоқ", – деген жауабынан кейін депутаттар алаңдаушылық білдірді.
Осы орайда, олар жаңа мектептерді пәндік кабинеттерін жабдықтап барып пайдалануға беруді ұсынды.
"Мемлекеттік қаражат есебінен мектептердің құрылысы кезінде қолайлы білім беру ортасын құруды ескеру қажет. Мектеп басшылары, ғимарат салу кезінде 2 спорт залды қарастыруды сұрайды. Ол үшін, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, білім беру ұйымдарын пәндік кабинеттер және қосымша білім алуға арналған құрал-жабдықтар және жиһаздармен толық жабдықталуды қамтамасыз етуді қарастыру қажет", – деді депутаттар Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында.
Еске салсақ, Шымкентте мектеп оқушыларының оқу кестесіне көшбасшылық бойынша факультативтер енгізілгені туралы хабарлаған едік. 5 жыл ішінде еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жобаны одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.