Қазақстандықтар таңдауды өзі жасайды. Референдумға мәжбүрлеп қатыстыру саясаты жоқ, деп мәлімдеді ҚР парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
"Бұл жолғы референдумның 1995 жылғы референдумнан жөні бөлек. Саяси шара ашық әрі демократиялы түрде өтіп жатыр. Халық өз ойын ашық білдіре алады. Сынай да алады. Референдумға азаматтарды мәжбүрлеп қатыстыру саясаты жоқ. Таңдауды өздері жасайды", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, сенат төрағасы бүгін отбасы мүшесінің алғаш рет дауыс беруге қатысып жатқанын бөлісті.
"Референдумға жұбайым және қызыммен келдім. 18 жасқа толған қызым алғаш рет дауыс беріп жатыр. Сенат мүшелері референдум өтеді деген сәттен бастап жұмысқа қызу кірісті. Әріптестерім өңірлерді аралап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді", – деді ол.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан" арнасында "Референдум" онлайн марафоны басталды