Ресейдің Сыртқы саясат архивінде XVII-XIX ғасырларда жазылған қазақ хандарының хаттары сақталған, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
Бұл туралы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдыков бастаған топ Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің қолдауымен Ресейдің Мәскеу қаласына сапарында белгілі болды. "Архив-2025" жоспарын іске асыру мақсатындағы іссапарда мамандар ондағы архивтер мен кітапханалардағы Қазақстан тарихына қатысты құнды деректерді елге әкеледі.
Оқи отырыңыз: Тарихшы Жақсылық Сәбитов: Нағыз қазақтар көк көзді еуропеоидтер болған деген түсінік қате
Қазіргі таңда орталық директоры, PhD доктор Жандос Болдыков пен ғылыми қызметкерлер сақталған маңызды құжаттарды зерттеп-зерделеуде.
"Зерттеушілер еліміздің тарихына қатысты жазба мұралар мен құнды құжаттар тапқан. Атап айтқанда, Ресей мемлекеттік кітапханасынан ел тарихына қатысты 47 мыңға жуық әдебиет, Ресей мемлекеттік тарихи-көпшілік кітапханасынан ХVII ғасырға тиесілі литографиялық кітаптар мен сирек жазба мұралар анықталды. 4 ғасырлық тарихы бар Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінің қорын зерттеу барысында жер мәселесіне қатысты құжаттар, карталар мен бұйрықтар белгілі болды. Ал Сыртқы саясат архивінде XVII-XIX ғасырда жазылған қазақ хандарының хаттары сақталған", – делінген ведомство хабарламасында.