Нью-Йоркте шетелдік консулдар қоғамы Халықаралық әйелдер күніне орай экономикалық, саяси және әлеуметтік салада қоғамның дамуына және АҚШ-пен байланысты нығайтуға үлес қосқан 15 елдің өкілін марапаттады. Олардың арасында Аргентина, Австрия, Норвегия, Болгария, Мексика, Колумбия, Малайзия, Филиппин, Таиланд, Үндістан, Оңтүстік Африка, Перу, Грузия және Қазақстан өкілдері бар. Қазақстаннан Фарида Ғаббасова осы құрметке лайық деп танылды.
Фарида Ғаббасова – Нью-Йорктегі қазақтың ұлттық тағамдары мен салт дәстүрінің бейнесі болған Farida мейрамханалар желісінің негізін қалаушы. Бұл – Манхэттендегі ең алғашқы және жалғыз Орталық Азиялық, ұлттық мейрамхана. Ол кәсібі арқылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынасқа өз үлесін қосып отыр.
"Кәсібіме, қазақ мәдениеті мен өз еліме деген құрметім үшін осындай тамаша марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Маған шабыт беріп, қолдаған әр жанға алғыс айтамын. Тарихта Қазақстаннан шыққан мықты әйелдер аз болмады. Табысты әйелдердің ерлігі әркез қанаттандырады. Отбасына қамқор болып, бизнес жасап, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып жүрген барша әйелді құрметтеймін. Қазақстан өз халқының арқасында гүлденіп, әлемге таныла түсті. Қазақстаннан шыққаныма мақтанамын, елімді жақсы көремін", – деді Фарида Ғаббасова.
Нью-Йоркте шетелдік консулдар қоғамы 2011 жылдан бері Халықаралық әйелдер күнін атап өтіп келеді. 1925 жылы негізі қаланған ұйым Нью-Йорктегі 115 консулдық өкілдерінің басын қосады.