Тікелей эфир

Маңғыстау облысының аумағы ұлғайтылады. Бұл не үшін қажет?

Каспий теңізі жағалауында итбалықтарды қорғайтын мемлекеттік табиғи резерват құрылады.

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары облыс аумағының шекарасын үлғайту туралы шешімді мақұлдады. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады. 

"Каспий теңізінің 12 миль акваториясын қосу жоспарлануда. Бұл аумақты қосу Мемлекет басшысының Каспий итбалықтары үшін табиғи резерват құру жөніндегі тапсырмасының орындалуын қамтамасыз етуге қажет", – деді Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырбек Тәжімұханов.

Баспасөз қызметінің дерегінше, табиғи резерват Маңғыстау облысының шекарасы мен Каспий теңізіндегі 12 мильдік белдеу арасындағы аумақта орналасатын болады. Каспий теңізіндегі қосылатын аумақтың жалпы ауданы 1 млн. 487,4 мың гектарды құрайды.


Оқи отырыңыз: Каспий теңізінің жағасынан тағы да итбалықтар мен бекіре балықтарының өлекселері табылды


Бұл шара итбалықтар популяциясының сақталуын қамтамасыз етіп, Каспий теңізі жағалауында туризмнің дамуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты экономикалық дамуын ынталандырады. 

"Жыл сайын итбалықтың күшіктері санының азаюы байқалады. Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және олардың саны жылдан жылға азаюда. Мамандар қазіргі жағдайға қатысты үлкен алаңдаушылық танытып отыр. Жануарлардың азаюы олардың жойылып кету қаупін тудырады. Біз өз құзыретіміз шегінде экология министрлігімен және басқа да орталық мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта Каспий теңізінде резерват құру мүмкіндігін қарастырамыз", – деді өңір әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Серіктестер жаңалықтары