Тікелей эфир

Маңғыстау облысында тағы да сұйытылған газ тапшы

Тапшылық әсіресе Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында қатты сезіледі.

Маңғыстау облысында тағы да сұйытылған газ тапшы, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы

Қазір өңірдегі газ бекеттерінің көбі жабылған. Ал көлік жүргізушілері үш күннен бері ашық бекеттердің алдында ұзын-сонар кезекте тұр. Тапшылық әсіресе Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында қатты сезіледі.

"Неше күн болды кезекте тұрып газды ала алмай жүрміз. Бензинмен жүру қиындап кетті. Соңы не болатынын білмеймін. Жиілеп бара жатыр, бұрын мұндай жоқ еді, газ көп еді. Енді осы айдан бастап арасы жиілеп кетті. Арғы жақта да кезек, мына жақта да кезек. Кімге баратынымызды білмеймін", – деді көлік жүргізушісі Елтай Әбутаев.

Көлігіне сұйытылған газ құямын деп жан-жаққа сабылған жүргізушілер шененуіктерден жағдайды тұрақтандыруды сұрайды. Айтуларынша кейінгі уақытта көгілдір отын тапшылығы қатты сезіліп жатыр.

Өткен айда ғана өңір басшылығы Маңғыстау облысына айына 2 000 тонна газ жетпейтінін айтқан еді. Ал энергетика министрлігі Маңғыстау облысының бір күндік лимиті 150 тоннаға артатынын мәлімдеді.

"Қазан айында Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы тоқтауына байланысты бізге облысқа тек қана 17 мың тонна сұйытылған мұнай газы жеткізілуде. Осыған байланысты Ақтау және оған іргелес Мұнайлы ауданында кезектің пайда болуы байқалуда. Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы іске қосылып, қараша айында аталған қосымша тоннасын береді деп отырмыз. Күнделікті сұйытылған мұнай газын тасымалдау, кезекті мониторинг жасап отырмыз", – деді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары