Маңғыстау облысында аштықтан қырылған 1 163 малды арнайы биометриялық шұңқырға көмді. Алайда ол малдың көбісінің иесінің кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов мәлімдеді.
"Біздер өткен сәуір айында әр ауылдың қасына биотермиялық шұңқырлар қазып, соған өлген малды көмдік. 1 163 мал көмілді. Көму барысында ауыл әкімі, ветеринариялық станция қызметкерлері және ауыл азаматтары болды. Барлығы актіде нақты көрсетілген. Осы 1 163 малдың ішінде тек 194-і тіркелген. Ал қалған малдың иесі жоқ. Оларды "иесі жоқ мал" деп айтамыз. Иесінің кім екені де белгісіз. Ауыл әкімі мен ауылдың ветеринариялық станциясы ауылда малды көму жұмыстарымен айналысып жатыр. Соңғы ақпаратқа сенулеріңізді сұраймыз", – деді Ғалымжан Ниязов.
Сондай-ақ, әкімнің орынбасары мал өліміне байланысты тек 7 азаматтан арыз келіп түскенін айтты. Бұдан өзге Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Мұрат Мұқанов өңірде неліктен төтенше жағдай жарияланбай отырғанын түсіндірді.
"Бүгінгі таңда "Төтенше жағдайлар жариялау" туралы заңнама қолданысқа енген. Оның ішінде ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы №107 бұйрығы бар. 2,4 тармағы бойынша, метереологиялық және агрометереологиялық қауіпті құбылыстар, оның ішінде 2,4, 12-тармақтары бойынша, өсімдікті зақымдайтын ауаның салыстырмалы ылғалдылығы – 30%, ал топырақ қабатының сулануы 35 миллиметр болуы тиіс. Сондай-ақ, төтенше жағдай енгізілуі үшін бұл параметрлер 20 немесе одан да көп күн сақталуы керек. Ал бізге Қазгидромет берген ақпаратқа сәйкес, облыстағы елдімекендердегі ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30%-дан төмен", – деді Мұрат Мұқанов.
Мұнымен қатар, облыстық ТЖД жетекшісі облыс бойынша мұндай көрсеткіш ең көп 18 күн бойы тіркелгенін айтты.
Еске салсақ, Маңғыстау облысында атмосфералық ылғалдан жаңбыр жаудыру бойынша үшжақты шартқа қол қойылды. Жауын-шашын жаудыруға Clear Sky Manager технологиясы қолданылады.