Маңғыстау облысының прокуратурасы облыс колледждерінде жалған дипломмен жұмыс істеген қызметкерлерді анықтады. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Жалған құжат қолданған сегіз оқытушы анықталды: Ақтау колледжінен бес оқытушы, Қарақия ауданынан үш оқытушы.
Прокурор барлық факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, материалдарды одан әрі тергеп-тексеру үшін полиция органдарына жолдаған.
"Мысалы, құқық бұзушылардың бірі екі жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру пәні бойынша сабақ берген. Қарақия ауданының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыс істеу түрінде жаза тағайындаумен қылмыстық жауапқа тартты", – делінген прокуратураның хабарламасында.
Осындай екі құқықбұзушылық үшін сот сол колледждің тағы екі оқытушысына қатысты үкім шығарды. Олар жұмыстан босатылды.
Тағы төрт дерек бойынша полиция органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген қылмыстық істері рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды.
Қалған бір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Айта кетейік, 2022 жылы прокуратура осы сияқты фактілер бойынша 14 қылмыстық істі тіркеген.