
Маңғыстау облысында мұнай өнімдерін өндіретін компанияның жұмысшылары екі айдан бері жалақы алмаған. Сәуір айынан бастап айлықтары екі есеге қысқарған екен, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл жайт атпалдай азаматтардың ашуын туғызған. Күнкөріс қиындады деген олар басшылық мәселемізді тезірек шешіп берсін деп отыр.
Жұмысшылар екі айдан бері үйімізге көк тиын апармадық деп ашынады. Еңбегінің ақысын талап етіп тұрғандар бірнеше айдан бері несиеміз төленбей, қарызға белшеден баттық дейді.
"Қаңтар айында тек жартысын берді. Қалғанын осы күнге дейін бермей отыр. Әрқайсымызда отбасы бар, несиеге кетіп жатыр", – деді жұмысшы Әділбек Қалиев.
Одан бөлек, жұмысшылар компания сәуір айынан бастап жалақыны 50 пайызға қысқаратынын естіпті. Азаматтар 150 мың теңгеге қалай жан бағамыз дейді. Олар мәселені шешу үшін еңбек инспекциясына да арызданып, көмек сұраған екен.
Ал компания басшылығы шетел азаматтарының бөлек инвестициялық жобада жұмыс істеп жатқандарын айтады. Серіктестік өкілі қаржылық қиындыққа тап болғандарын мойындайды. Сөздеріне қарағанда, мұнай өнімі нафтаны шетелге сатуға тыйым салған. Ал ішкі нарыққа сату үшін "ҚазМұнайГаз" компаниясына жазған хатымыз жауапсыз қалды деп отыр.
Серіктестік басшысы жұмысшыларды шыдамдық танытып, сәл күтуге шақырды.