Өңірде ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2025 жылға дейін су тұшытудың жалпы қуаты тәулігіне 200 мың текше метрге жуық 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
Қазіргі уақытта облыста ауыз суды тұтыну көлемі 162 мың м3 құрайды. Ал тапшылық әсіресе жазғы кезеңде сезіледі, қажеттілік тәулігіне 77 мың текше метр. Сондықтан қазіргі уақыттан бастап су тапшылығын жоюға байланысты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мәселен, "Қаражанбас" кен орнында қуаттылығы тәулігіне 17 мың текше метрді құрайтын су тұшыту зауыты іске қосылған. Бұған дейін кәсіпорын "Астрахань – Маңғышлақ" құбырынан су алып келген болатын. Нәтижесінде "Астрахан – Маңғыстау" су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне пайдаланылуда. Су тапшылығын жою мақсатында жүзеге асып жатқан тағы бір шара "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту арқылы тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда. 2022 жылдың жазғы маусымында қуаттылығы 5 мың текше метр тұшыту қондырғысы пайдалануға берілді. Ал қалған жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.
"Сонымен қатар, Ақтауда жеке инвестордың есебінен тәулігіне 20 мың текше метр су тұшыту қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мың текше метр су алуды жоспарланған. Мемлекет басшысы алға қойған 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау жөніндегі міндеті бүгінде толық орындалды. Нәтижесінде елдімекендерде халықтың ауыз суға қолжетімділігі 96%-дан 100%-ға дейін жетті", – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек биыл Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр, "МАЭК" аумағында 24 мың текше метр және Кендірлі аймағында 50 мың текше метр су тұшыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады.
"МАЭК" энергия және су өндіру кешенін жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шараларға жеке тоқтап өткен жөн.