Биыл мамырда Өскемен және Алматы қалаларында Қазтест жүйесі бойынша көшпелі тестілеу өтеді. Бұл туралы халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Тестілеу ақылы негізде өтеді, яғни тест тапсырушы өзі төлейді.
"Қазақ тілінен емтиханға өтінімді Ұлттық тестілеу орталығының kazakhtest.kz сайтында қалдыруға болады. Тестілеуге "Болашақ" халықаралық бағдарламасы, жоғары оқу орындарының докторантурасына түсуге үміткерлер, президенттік жастар кадр резервіне үміткерлер, президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясына түсушілер, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары және басқа да ниет білдірген жеке тұлғалар қатыса алады. Өтетін орны мен уақыты туралы хабарлама тіркелген үміткерлердің электронды поштасына жіберіледі" – делінген хабарламада.
Тестілеу сәуір айында Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Семей қалаларында өтті.
Айта кетейік, Қазтест қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі ретінде 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. Тестілеу жүйесі 4 блоктан тұрады: тыңдау, оқу, лексика-грамматикалық құрылым және жазу.