Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында Түркістан облысындағы мақташылардың мәселелерін жеткізді. Оның айтуынша, бұл аймақтағы 1 миллион халықтың тұрмыс-тіршілігі мақта өндірісіне тікелей байланысты. Дегенмен, шаруалар мақта өнімін сата алмай, қарызға батып отыр.
"Өнімнің басым бөлігі делдалдар арқылы экспортқа шығарылады, ал импорттаушы елдерде (Еуропа, Түркия) энергия бағасының күрт өсуіне байланысты мақта талшығын өңдеудің өзіндік құны едәуір өскендіктен мақта талшығына сұраныс күрт төмендеді. Бұл жай біздің экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігін тағы да көрсетіп отыр", – деді Қайнар Абасов.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығында еркіндік қай деңгейде?
Оның айтуынша, Қазақстанда мақта егетін аймақта бірде-бір тоқыма фабрикасы жоқ.
"Көрші мемлекеттің әр облысында бірнеше мақта тоқыма фабрикалары бар, сондықтан ол жерде мақта бағасымен және оны сатумен проблема жоқ", – деген депутат Қазақстанда мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Ол мақтаның сапасын жақсартып, оны әлемдік нарыққа шығару үшін маңызды. Бағдарламаны әзірлеуге жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуы тиіс.