"Астана Опера" театрының сахнасында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай тұңғыш рет өткен ауқымды мерекелік кеште Қазақстанның әр өңірінен келген мыңнан астам музыкант өнер көрсетті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Концерттік бағдарламаға еліміздің өңірлерінен келген 24 шығармашылық ұжым өкілдері қатысты. Хор ұжымдары, оркестрлер, виртуоз аспапшылары, опера және халық әншілері атақты скрипкашы, дирижер және композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің "Ұлы дала әуені" атты одасын бірге орындады.
Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сахнада өнер көрсеткен артистер мен шығармашылық ұжымдардың жетекшілеріне алғыс хат табыстады.
"Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар апталығын қолдағандарға және Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында өнер көрсеткен шығармашылық ұжымдарға алғыс айтамын. Осы жобаға қолдау білдіріп, қатысқаны үшін Марат Бейсенғалиевке ерекше алғыс. Министрлігіміз мәдениет пен өнер саласын дамыту және қолдау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Нақты тапсырмаларды сіздермен бірге орындай алатынымызға күмәнім жоқ", – деді Асхат Оралов.
Бір апта бойы концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер және басқа да барлығы жүзден астам іс-шара өтті. Сондай-ақ, 300 мәдениет қызметкері "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен, 2000 адам құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.