Тікелей эфир

Лондонда қазақстандық суретшіні еске алу көрмесі ашылды

Көрмеге марқұм Катя Канның 25 картинасы қойылған.

Лондондағы Regents Park маңында қазақстандық-британдық суретші Катя Канды еске алуға арналған көрме ашылды. Бұл – суретшінің өмірден озғаннан кейінгі алғашқы экспозициясы.

Көрмеде Катя Кан жұмыстарының бір бөлігі ғана қойылған. Суретшінің анасы Ғалия Велимухаметова қызының Алматы мен Лондондағы барлық суреттерін жинап, оның мұрасын толық көрсету үшін бірқатар көрмелер өткізуді жоспарлап отыр.

Катя Кан Алматыда туған, бірақ 8 жасынан бастап анасымен бірге Лондонда тұрған. 

Катя Кан

Ол АҚШ-та бейнелеу өнері және кино бойынша бакалавр (SFAI, Калифорния), Эдинбург университетінде ағылшын әдебиеті бойынша магистр дәрежесін алды. Суретші корольдік акварель қоғамы, Art Below, Art Wars (Лондон), Red Dot Miami және Лос-Анджелестегі акцияларға, Қазақстан мен Ұлыбританияның ұлттық экспозицияларына, сондай-ақ халықаралық көрмелерге қатысқан.


Оқи отырыңыз: Адамды өнер арқылы сауықтыру: Арт-терапияның түрлері қандай?


Сонымен қатар, Катя Кан әлемдегі ең ірі көрмелерде бой көрсетті – 2019 жылы Исландиядағы SIM Residence, 2019 жылы Франциядағы NG Creative Residence, 2015 жылы Лондондағы Industry in the Streets, 2014 жылы Санта-Моникадағы 18th Street Arts Center және тағы басқа. Шығармашылығы үшін көптеген марапаттарға ие болды. 2023 жылғы наурызда Катя Кан әйелдер көшбасшыларының диалог алаңы – Ұлыбритания парламентінің лордтар палатасына қатысуға шақырылды.

Көрмеге қойылған туындылардың бірі. Фото: Ғалия Велимухаметова

Оның жұмыстары Лондондағы Whitechapel және ICA галереяларында, Лос-Анджелес пен Нью-Йорктегі халықаралық көрмелерде және Қазақстандағы әртүрлі алаңдарда ұсынылды. 

Катя Кан 2023 жылы 8 шілдеде қайтыс болды. Осынау шығармашылыққа, оқиғаларға толы қысқа ғұмырында артында үлкен көркем мұра қалдырды. 

Айта кетейік, Лондондағы Катя Канды еске алуға арналған көрме маусым айының соңына дейін жалғасады.

Серіктестер жаңалықтары