Тікелей эфир

Ләззат Ибрагимова 2023 жылы жаңа үйлердің арзандайтынын айтты

Отбасы банкінің басқарма төрайымы, сондай-ақ 30/70 бағдарламасының тиімді тұстарын атады.

Астана қаласында құрылысы аяқталуға жақын және аяқталған 10 мыңға жуық пәтерге сұраныс аз. Ал Алматы мен Қонаевтың ортасында керісінше пәтер тапшы болып тұр, деп мәлімдеді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова inbusiness.kz порталына берген сұхбатында. Мұнымен қатар, ол 30/70 ипотекалық бағдарламасының тиімді тұстары мен 2023 жылы пәтер бағасы қандай болатынына тоқталды. 

Отбасы банк Шымкент, Алматы және Атырауда құрылыс компанияларымен бірге 30/70 ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Аталған бағдарламаның шарттары келесідегідей:

  • несие мөлшерлемесі жылына – 7% (СЖТМ 7,4%);
  • несие беру мерзімі – 25 жылға дейін;
  • қарыздың ең көп сомасы – 100 млн теңге;
  • кепіл – алатын жылжымайтын мүлік немесе мүлікті иелену құқығы;
  • қарызды беруді ұйымдастыру комиссиясы – 0,5 пайыздың орнына 0,25%.

Оқи отырыңыз: Алматы, Астана, Шымкент және Түркістанда "7-20-25" ипотекасына сай қанша пәтер бар?


"Әлеуметтік желіде 30/70 ипотекалық бағдарламасы бір емес, екі қарыз береді деген пікір бар. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің (ТҚЖ) шарттары бойынша, егер бастапқы жарна 50 пайыздан аз болса, біз қарыз бере алмаймыз. Алайда клиенттердің де бірден үй құнының 50 пайызын төлеуге шамасы келе бермейді. Сол себепті біз құрылыс компанияларымен бірге бірінші жарна ретінде жалпы соманың 30 пайызын төлеуді ұсынамыз. Тағы 10 пайызын құрылыс компаниясы субсидия ретінде бөледі және банк үй құнының 10 пайызын несие ретінде береді. Осылайша клиент өзіне қажет (30%+10%+10%) 50% жарнаны жинайды", – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова. 

Сондай-ақ, Ләззат Ибрагимова 2023 жылы тұрғын үйге деген сұраныстың төмендейтінін атап өтті. Айтуынша, соңғы екі жылда сұраныстың жоғары болуы зейнетақы жинағындағы ақшаны шешіп алу мүмкіндігімен байланысты болды. 


Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?


"Жалпы макроэкономикалық жағдай тұрғын үй бағасының күрт төмендемейтінін көрсетіп отыр. Десе де, сәл бақылауға алынуы мүмкін. 2023 жылы екінші нарықтағы үйлерге қатысты бағдарламалардың болмауы және жоғары базалық мөлшерлеме сатушылардың үйін арзан бағаға сатуына алып келеді. Яғни, олардың қолында үйін өткізу үшін бұдан басқа құрал болмайды. Үйіңді тезірек сатқың келсе, соғұрлым арзандатуың керек. Қазірдің өзінде 10% және 20% көлемінде жеңілдіктердің пайда болғанын көріп отырмыз. Екіншіден, бірінші нарықтағы жылжымайтын мүлікті тұрғызатын құрылысшылар дәл осылай сатып алушыға жеңілдіктер ұсынады. Бұл оларға құрылыс циклын жалғастыру үшін қажет. Баға мен үйге деген сұраныс әр өңірде әртүрлі. Мысалы, Астанада бірінші нарықтағы үйлер арзандауы мүмкін деген болжам жасап отырмыз. Себебі салынған және құрылысы аяқталуға жақын 10 мың пәтерге сұраныс жоқ. Алматыда керісінше Қонаевқа қарай бағытта үйге жетіспей жатыр", – деді басқарма төрайымы.

Серіктестер жаңалықтары