Бельгиялық студент Стейн Ромбоут қазақ тілін бес жылдан бері интернеттен үйреніп жүр. Бұл туралы Qazaqstan.tv хабарлады.
Стейн Ромбоут Қазақстанға 2018 жылы алғаш келген. Алматыны, Шымкент пен Түркістанды аралаған. Қазақ еліне еліне, қазақ тіліне деген махаббат сол сапарда оянғанын айтады.
"Қазақстан – өте қызық ел. Қазақстанды жақсы көремін. Бес жыл бұрын Қазақстанға турист ретінде бардым. Маған қазақ табиғаты қатты ұнады. Қазақтар да өте қонақжай", – дейді Ku leuven университетінің студенті Стейн Ромбоут.
Қазақтың мәдениеті мен тарихына терең бойлағысы келетін Стейннің қазақша аты – Сырым. Сырым Датұлы сияқты батыр, батыл болсам деп осы есімді таңдағанын айтады. Ғаламтордан қазақ тілін үйренгелі Абайдың шығармаларын қазақша оқуға тырысып жүр.
"Түрікше білемін, сондықтан қазақ тілін үйрену онша қиын емес. Бірақ әлі де грамматикасы қиын болуы мүмкін. Оқулығым бар. Күніне 50 сөз қайталаймын. Маған "мәссаған" деген сөз ұнайды", – дейді ол.
Стейн түрік, француз, нидерланд, ағылшын, қытай, албан тілдерін біледі. Ендігі арманы – қазақ тілін жетік меңгеру. Мақсатына қол жеткізу үшін қазір Бельгиядағы қазақ жастарымен достасып, қазақша сөйлесіп жүр. Болашақта Қазақстанда тұрып, біраз жыл тіл маманы болып жұмыс істегісі келеді.