Парламент Сенатының "Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру және импортты алмастыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу мәселелері" тақырыбына арналған Үкімет сағатында "Қазақстанның ет өңдеу кәсіпорындарының қауымдастығы" ЗТБ төрағасы, Талғат Брекешев 2,5 жылға созылған "Кублей ісіндегі" заңсыздықтарды тексеру мақсатында ведомствоаралық комиссия құру мәселесін көтерді.
Ол Қазақстандағы ет шаруашылығы саласындағы бес маңызды мәселенің бірі ретінде қалалардың өнеркәсіп аймақтарында тұрғын үйлердің бой көтерер бастағанын атады. Мұның жарқын мысалы – Қазақстандағы атышулы Кублей мен Қарасу Ет істері болып саналады.
"Аталған зауыттардың санитарлық қорғау аймақтарында Үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына кереғар бола тұра, жеке тұрғын үй салу үлкен мәселеге айналып отыр. Мысалы Орал қаласындағы "Кублей" зауытының жанынан бой көтерген тұрғын үйлер оның санитарлық аумағына кіріп отыр. Тұрғын үй құрылысын салуға рұқсат берген жергілікті әкімдікпен соттасу кезінде сот тұрғын үй құрылысының заңсыз екенін дәлелдеп шықты. Алайда екі жарым жыл өткенде Жоғарғы сот шешімімен іс қайта қаралып, Орал қаласының соты зауыттың екі санитарлық аумағын жоққа шығарып отыр", – деді "Кублей" ЖШС директоры Талғат Брекешев.
Оның сөзінше, қазіргі таңда ай сайын республикалық бюджетке 200 миллион теңге салық төлейтін зауытқа жабылу қаупі төніп тұр.
"Біз бұл әдейі қолдан жасалған деп есептейміз. Соған орай, "Кублей" зауытының мысалында ведомствоаралық комиссия құрып, өнеркәсіп аймақтарының санитарлық қорғау зоналарында тұрғын үй салу деректерін тексеруді сұраймын", – деді Талғат Брекешев.
Еске салайық, сот жүріп жатқанда Жоғары сот төрағасы Жақып Асановқа тұрғын үйдің иелері арыз берген. Төраға сотта үшінші тараптың пікірі тыңдалу керек деген ұсыныс жібереді. Сондай-ақ, ол ұсыныста "зауыттың негізі бөлігі бұл аумақта емес, қаладан тысқары орналасқан" деп көрсетіледі.
Жақып Асанов кассациялық инстанцияға ұсыныс береді. Сол ұсыныстың нәтижесінде Кублейдің пайдасына шығарылған облыстық соттың заңды шешімі бұзылған. Сөйтіп, іс сотта қайта басынан қаралды.
2022 жылы желтоқсанда Орал қаласының соты 2 жылға созылған "Кублей ісіне" қатысты сот шешімін шығарған болатын. Судья Бақтияр Жорабаев "Кублей" ЖШС-нің Орал қаласы әкімдігі мен оның басқармаларының үстінен түсірген шағымын толықтай қанағаттандырусыз қалдырды. Компания адвокаты судьяның бұл шешімімен келіспейтінін хабарлады.
Кублей ісі – Қазақстанда ең ұзақ уақытқа созылған сот істерінің бірі болып саналады.
Оқи отырыңыз: Орал соты "Кублей" зауытының талабын қанағаттандырмады
Үкімет сағатында сөз сөйлеген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Қазақстанның тамақ өнімдері нарығындағы ет өнімдерінің үлесі 16 пайызды құраса, қазіргі таңда елімізде ет өнімдерін өңдеу бағытында 171 кәсіпорын жұмыс істейді. Салқындатылған ет бойынша нарықты қамтамасыз ету үлесі 117 пайыз болса, шұжық өнімдерінікі – 61 пайыз, ет консервілерінікі – 26 пайыз.
Министр саладағы ең басты мәселелер ретінде қолжетімді бағамен шикізаттың болмауын және шикізатты сатып алуға айналым қаражатының жеткіліксіздігін атады.