Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте оқушылардың мектепте алған білімін әділ бағалау жолын ойластыру керек екенін айтты.
"Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: "ҰБТ орнына SАT". Ғылым министрі білімді бағалаудың ең тиімді жүйесін атады
Қасым-Жомарт Тоқаев басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау екенін атап өтті.
"Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың ҰБТ-дан алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады. Сондықтан мектепте алған білімді әділ бағалау жолын ойластыру керек. Ол үшін жаңа ведомство не тестілеу орталықтарын, сертификаттау енгізудің қажеті жоқ. Біз одан өттік..." – деді Қазақстан президенті.