Тікелей эфир

Көшеде тауып алған затты не істеу керек? ҚМДБ түсіндірді

Шариғат бойынша жоғалған затты тапқан кісі тауып алған затын жұртқа жариялап, оның иесін іздеуге әрекет етуі тиіс.

Көшеде кетіп бара жатқанда тауып алған затты иемденуге бола ма, әлде оны садақа ету керек пе? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы сұраққа жауап берді.

"Зайд ибн Халид әл-Жүһани (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте: "Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде-кім жоғалған затты құпия түрде өзінікі етіп алса, ол – адасушы", – деген (Мүслим, Ахмад). Даладан бір нәрсе тауып алған адам: "Әлдекім бір затын жоғалтқан болса, анау жерге барсын, мынадай адамға жолықсын!" деп жұртқа хабарлауы керек. Ал іздеп келген адам табылған бұйымның сипаты мен белгілерін айтып, өзінікі екенін дәлелдеуі тиіс. Тапқан нәрсесі жеміс, тамақ сияқты тез бұзылатын зат болса, оны жеуге рұқсат етіледі. Көп мөлшерде болса, қазидың бұйрығымен оны сатып, ақшасын аманат ретінде ұстап отырады (Фәтәуа Һиндия, 2/300)", – деп жазылған сайтта. 


Оқи отырыңыз: Зейнетақы қорындағы қаражат зекет беруге жарай ма? ҚМДБ үкімі


Егер иесі табылмаса, тапқан адам иесіз затты бір жыл ұстайды. Иесі келсе, аманатын қайтарып береді. Келмеген жағдайда, ол зат тауып алған адамның мүлкіне айналады. Дегенмен күндердің күнінде иесі іздеп келіп қалса, әлгі адам сол затты немесе оның құнын қайтсе де қайтарып беруі шарт.

"Сахабалар Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тауып алған алтын немесе күміс жөнінде сұрады. Алла елшісі: "Оның ыдысы мен бауын мәлімде. Содан кейін бір жыл күт. Егер иесін таппасаң, оны өз қажетіңе жұмса. Сол зат сенде аманат ретінде тұрсын. Қашан да біреу талап етіп келсе – оны қайтып бер", – деген (Мүслим)", – деп жазылған ҚМДБ сайтында. 

Демек біреудің жоғалған заты қанша уақыт өтсе де, тапқан адамның мүлкіне айналып қалмайды. Қашан да иесі шықса, оны қайтып беру немесе оның құнын төлеу міндет болады.


Оқи отырыңыз: "Сюцай – нумерологияның бір түрі". ҚМДБ үкімі қандай?


 

Серіктестер жаңалықтары