Биыл бюджеттен коронавируспен күресуге 86 млрд теңге қаралып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
"2020 жылы бюджеттен 252 млрд теңге жұмсалды. Оның 28 млрд теңгесіне дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдары, медициналық техника сатып алынды. 197 млрд теңге дәрігерлер мен СЭС қызметкерлерінің еңбекақысын, үстемеақысын, іс-сапар шығындарын төлеуге жұмсалды. Сонымен бірге 20 млрд теңге медициналық сақтандыру қоры арқылы халыққа көрсететін медициналық көмек ақысы төленді. Соның ішінде 5 млрд теңге Дүниежүзілік банк арқылы жасанды тыныс алу апараттарын сатып алуға жұмсалды", – деді министр.
Оқи отырыңыз: "Стелс-омикрон" штамы қаншалықты қауіпті?
Оның айтуынша, 2021 жылы коронавируспен күреске 556 млрд теңге бөлінген.
"Былтыр жыл бойына коронавирус инфекциясымен күрестік. Covid-19-дың үш толқыны өтті. 97 млрд теңге – вакцина, ине сатып алуға және ПТР секілді әртүрлі зертханалық зерттеулерге, 413 млрд теңге – дәрігерлердің еңбекақысы мен үстемақысына, іс-сапар шығындарына, 40 млрд теңге – медициналық сақтандыру қорынан қызмет ақысын төлеуге жұмсалды", – деді Ажар Ғиният.
Оның сөзінше, 2022 жылы коронавируспен күресуге 86 млрд теңге қаралып отыр. Оның 9 тоғыз млрд теңгесі Vero Cell мен QazVac екпелерін алуға жұмсалса, 20 млрд теңгесі былтыр сатып алынған Pfizer ақысын төлеуге арналған.