Тікелей эфир

Колледжге арналған білім квотасының мөлшері өзгереді. Жеңілдіктерге кімдер ие болады

Әскерде қызмет еткен жастарға тұңғыш рет квота қарастырылады.

Оқу-ағарту министрлігі колледжде грантпен оқуға арналған квота түрлерінің жаңа тізімінің жобасымен таныстырды. Құжат Ашық НҚА порталында қоғамдық талқы үшін ұсынылған. 

Квоталардың жаңа тізімі: 

  • бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 10 пайыз (бұған дейін 1 пайыз ғана болған);
  • басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5 пайыз;
  • ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35 пайыз;
  • ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз;
  • жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтары үшін – 1 пайыз;
  • ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 5 пайыз;
  • кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз;
  • кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз;
  • бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз (бұған дейін 1 пайыз ғана болған);
  • әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген ҚР азаматтары үшін – 1 пайыз (бұған дейін мұндай квота түрі болмаған). 

Оқи отырыңыз: Қазақстанда колледж студенттерінің стипендиясы 50% көбейді


Жария талқылау мерзімі 24 маусымға дейін. 

"Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі" делінген бұйрық жобасында. Сәйкесінше, жаңа квоталар биылғы үміткерлер үшін де қолданылады. 

Серіктестер жаңалықтары