Кәсіптік-техникалық білім берудің маңызы зор. Бірақ қоғамда біз бен сіздің жұмысымызды тек қана жұмысқа тұрумен өлшейді, деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тамыз конференциясының панельдік сессиясында.
"Көбінесе қандай пікірлер айтылады? Егер жұмысқа тұру көрсеткіші жоғары болмаса, колледждердің сапасы төмен дейді. Солай ма? Олай емес пе? Жұмыс орны көп болса, солай айтуға болады. Егер қажетті деңгейде жұмыс орны жеткілікті болмаса, қалай бір ғана көрсеткішпен колледждердің білім беру сапасын бағалай аламыз?", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытуға қатысты кей мәселелермен келіспейтінін жеткізді.
"Мысалы, экономикаға қанша қызметкер керек болса, дәл сол көлемде ғана мемлекеттік тапсырысты беру керек" дейді. Мен онымен келіспеймін. Өйткені, мысалы пандемия жағдайында кәсіпкерлерден қанша жұмыс орны керек деп сұраса, сол кездегі экономикалық жағдайға байланысты аз ғана адам керек деуі мүмкін. Бірақ қазір екі жыл өтті, экономиканың әртүрлі салалары даму үстінде. Қазір бұл ұйымдарға одан көп жұмыс орны мен жұмыскерлер керек", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Колледжде оқуға талапкерлердің психикалық жай-күйі тексеріледі
Асхат Аймағамбетов "Жас маман" жобасы аясында 180 колледж жаңартылғанын еске салды. Колледждерге академиялық дербестік беру туралы да пікір білдірді.
"Бұл мәселені үш жыл көтеріп, әрең енгіздік. Айқай-шу болды. Үш жыл бойы дауластық. Көп әріптестеріміз "осы шешімді қабылдағаннан кейін, екінші күні Қазақстанда колледждер қалмайды, құртылады" деген. Бірақ бұл өте маңызды шешім болды. Оның жемісін, нақты нәтижесін болашақта көретін боламыз. Әрине, оны дұрыстап енгізу керек", – деді министр.