Кітап баспалары мен киноиндустрияға жеңілдіктер. Мәжіліс салық кодексіне қандай түзетулер берді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Депутаттар білім, ғылым, спорт және денсаулық сақтау ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығын 5 пайызға дейін төмендетуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбаев Facebook желісінде жаңа Салық кодексіне Мәжіліс ұсынған түзетулерді тізіп шықты. 

Бұл ұсыныстар қатарында әлеуметтік сала ұйымдарын корпоративтік табыс салығын төлеуден босату (мәдениет, отандық кітап шығару, тарихи-мәдени мұра, кітапханалық қызмет көрсету, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға көмек көрсету саласында) және білім, ғылым, спорт және денсаулық сақтау салаларындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін 5 пайызға дейін төмендету бар. 

Бұдан бөлек, депутат келесі ұсыныстар кодекс жобасына түзету ретінде ұсынылғанын жазды: 

  • қатерлі ісіктерді, психикалық, мінез-құлық бұзылыстарын, орфандық, жұқпалы ауруларды, қан айналымы жүйесі, бүйрек жеткіліксіздігі, генетикалық ауруларды емдеуге, паллиативтік көмек, босандыру қызметіне және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен басқа да ауруларды емдеуге бағытталған медициналық қызметтерді қосылған құн салығын төлеуден босату;
  • қатерлі ісіктерді, психикалық және мінез-құлық бұзылыстарын, орфандық, аутоиммунды, жұқпалы ауруларды, қант диабеті, қан айналымы жүйесі, бүйрек жеткіліксіздігі, генетикалық ауруларын емдеуге, паллиативтік көмек және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен басқа да ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттарды қосылған құн салығынан босату;
  • кез келген нысандағы дәрілік заттарға, оның ішінде фармацевтикалық субстанцияларға (белсенді фармацевтикалық субстанцияларға) қосылған құн салығының 5 пайыздық мөлшерлемеге дейін төмендету немесе босату;
  • отандық кітап басылымдары үшін қосылған құн салығын төмендетуді, отандық киноиндустрия мен анимация үшін жеңілдіктерді қарастыру;
  • әдеби, көркем және ғылыми шығармаларды жариялағаны үшін авторлық алымдар үшін салық демалысын беру;
  • әдеби, көркем және ғылыми шығармаларды жариялағаны үшін авторлық алымдар үшін салық жеңілдіктерін, қарастыру.
  • медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектісінің медициналық көмек көрсетуінен салық салынатын айналым мөлшеріне қосылған құн салығының 5 пайыздық мөлшерлемеге дейін төмендету немесе толық босату;
  • Қаржылық қызметтерге (банктік аударымдар, зейнетақы қорларының, қызметі, төлем карталары бойынша операциялар) ҚҚС салынбауы, яғни бұл саланың, қымбаттауына жол бермеу. 

Оқи отырыңыз: Тоқаев құн салығы туралы: 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді


Бұлардан басқа алкоголь, спирті бар өнімдер мен темекі өнімдеріне акциздердің қолданыстағы ставкаларын кезең-кезеңімен ұлғайту, құрамында қант бар өнімдерге, транс және пальма майлар мен энергетикалық сусындарға акциздердің жаңа мөлшерлемелерін енгізу, сондай-ақ 10 000 еселенген АЕК мөлшерінде салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою үшін айналымның шекті өлшемін айқындау ұсынысы да қарастырылады. 

Серіктестер жаңалықтары