Тікелей эфир

Кинотанушы: Қазақстанда киноға попкорн деп қарамайтын ортаны қалыптастыру керек

Батыс елдерде ойлануды талап ететін кинолар мен ескі фильмдерді ғана көрсететін кинотеатр желілері бар.

Ойлануды талап ететін кино көру керек. Ол адамды рухани өсіреді. Осы уақытқа дейін ойлану ешкімге зиян болмаған. Ол үшін көрерменді тәрбиелеу керек, деп мәлімдеді кинотанушы Әсия Бақдәулет.

"Мысалы, батыста жалпы картина сондай. Онда да попкорн фильмдерге көп барады, кассаны жеңіл фильмдер жинайды, арт-хаустық фильмдер сондай кең аудиторияға таралмайды. Бірақ ондай фильмдер түсіріледі және оның өз аудиториясы бар. Тек қана сондай ойлануды талап ететін фильмдерді, тіпті ескі фильмдерді көрсететін кинотеатр желілері бар. Онда залдар үнемі толы болады. Киноға қатысты лекциялар өтеді, рухани орта бар", – деді Әсия Бақдәулет Oy-Detox арнасына берген сұхбатында.

Кинотанушы Қазақстанда да талғамы жоғары көрермендер ортасын қалыптастыру керек екенін айтты.

"Бізде ондай жоқ емес. Бізге тек соны біріктіру керек және кино туралы айтатын, киноға попкорн деп қарамайтын ортаны қалыптастыру керек. Тарковскийдің "Кино дегенің шайнап-шайнап тастай салатын сағыз сияқты болды" деген сөзі бар еді. Сол көзқарастан жоғары тұратын орта керек. Бүкіл қоғам аяқ астынан сондай  болып кетеді деп үміттенбеймін. Олай болуы қажет емес. Бірақ киноның эстет көрермендері бар деп ойлаймын", – деді Әсия Бақдәулет.


Оқи отырыңыз: Продюсер: Отандық кино дегенде жұрт есінде тоқал, той туралы ғана фильмдер болса, бұл – өте ұят


 

Серіктестер жаңалықтары