Кино түсіруге бөлінген қаржының 30 пайызын тікелей "Қазақфильм" алады

Бұл киностудияны мұрасын сақтап, жұмыс тиімділігін арттырмақ.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының "Қазақфильм" киностудиясының жағдайына қатысты сауалына жауап берді. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда Сенат Қазақстанда кино түсіруге бөлінетін қаржының 30% мөлшерін тікелей "Қазақфильм" киностудиясына беру бойынша заңнамаға түзету енгізу мәселесін қарап жатыр. Бұған дейін бұл түзетуді Мәжіліс мақұлдаған. 

"Түзету қолдау тапқан жағдайда Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудияны тікелей қаржыландыру құқығына ие болады. Бұл киностудияның мұрасын сақтауға, қаржылық жағдайын тұрақтандыруға және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Олжас Бектенов. 


Оқи отырыңыз: Жеті айдан бері жалақы алмаған "Қазақфильм" аниматорлары наразылық білдірді


Үкімет басшысы, сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясына қатысты өзге мәселелер арнайы жұмыс тобында қаралатынын айтты. Мұндай жұмыс тобын құруды мәдениет министрі Аида Балаева ұсынған болатын. 

"Кейінгі кездері мәдениет саласы бойынша көтеріліп жүрген бірқатар мәселелер бойынша Мәжіліс отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы жұмыс тобын құру және оның аясында кинематография саласының мәселелері, сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясының сұрақтары бойынша бірлесе жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Алдағы уақытта министрлік кино саласын жүйелі түрде дамытуға, заңнамалық базаны жетілдіруге бағытталған жұмыстарды өздеріңізбен бірлесіп жұмыс тобы шеңберінде атқаратын болады", – деп жауап берді Олжас Бектенов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары