Тікелей эфир

Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге арналған 55 үйдің іргетасы қаланды

Әрбірінің ауданы 100 шаршы метр болатын барлығы 91 үй салынады.

Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді, деп хабарлады үкімет басшысының ақпараттық ресурсы.

Әлихан Смайылов бірінші кезекте Әулиекөл ауылына барып, алапат орман өрті салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысымен танысты.

Қазіргі уақытта арнайы бөлінген 12 га аумақта 91 үй салынып жатыр, әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Сондай-ақ үйлердің маңайындағы жер учаскелеріне (10 сотықтан) барлық қажетті инфрақұрылым – газ, су, электр энергиясы жүргізіледі. Үйлерге апарар жолдарға асфальт салынады.

Барлық қажетті жұмыстарды жүргізу үшін Үкімет 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Әлихан Смайылов. Фото: primeminister.kz

"Қазір әкімдік пен мердігерлердің алдында құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде – 2 айда сапалы аяқтау міндеті тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Сондықтан тапсырмаға аса жауапкершілікпен қарау керек", – деді Әлихан Смайылов мердігер компаниялардың өкілдеріне. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, ҚазҚСҒЗИ жобалау институты тұрғынжайларды су басудың алдын алу мақсатында геологиялық ізденістер негізінде іргетастарды жерасты суларынан 2,5 м қашықтықта орнату бойынша жоба әзірледі.

7 қыркүйекте 13 мердігерлік ұйым құрылыс жұмыстарына кірісті. Бүгінгі таңда барлық үйлерге арнап қазаншұңқырлар қазылды, 55 учаскеде іргетас құйылып, екеуінде іргетас блоктарын орнату аяқталды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша алаңда орнатылған бейнекамералардың арқасында құрылыс барысы онлайн режимде бақыланып отыр.


Оқи отырыңыз: "Орманшының жалақысы – 45 мың теңге". Эколог орман өртіне әкелетін себептерді атады


 

Серіктестер жаңалықтары